Түркия терроризмге қарсы күресте Иранды қолдайды - Ердоған

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ирандық әріптесі Ибрахим Раисимен телефон арқылы сөйлесіп, Керман провинциясында болған терактіде құрбан болғандарға көңіл айтты. Kazinform бұл туралы Анадолы агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Иран
Фото: Анадолу

Бұл туралы Түркия президенті әкімшілігінің коммуникациялар бөлімінің хабарламасында айтылған.

Мәлімдемеге сәйкес, түрік басшысы бейбіт тұрғындарға бағытталған лаңкестік әрекетті айыптады.

Мемлекет басшысы Түркияның терроризммен күресте Иранды қолдайтынына сендірді.

Президент Ердоған Иранды лаңкестікпен күресте бірге әрекет етуге шақыратынын қайталап айтты.

Иран президентінің ертеңге жоспарланған Түркияға сапары кейінге қалдырылды.

Иранның Керман провинциясында Касем Сүлеймани бейіті маңында болған екі жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 103-ке жетіп, тағы 211 адам жараланды.

Оқиға 2020 жылдың 3 қаңтарында Бағдадта АҚШ-тың әуе шабуылынан ирандық генералдың қайтыс болғанына 4 жыл толғанда орын алды.

Бұған дейін Ибрахим Раисидің 4 қаңтарда Анкараға келетіндігі хабарланған болатын. Олар Түркия-Иран жоғары деңгейлі ынтымақтастық кеңесінің сегізінші отырысын ашпас бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен жеке келіссөздер жүргізуі тиіс еді.