Түркия Türksat 6A ұлттық байланыс серігін ұшырды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия ғарыштық технологияларын дамытуда тарихи қадам жасады. Тұңғыш отандық байланыс серігі Türksat 6A пайдалануға беріліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Түркия Türksat 6A ұлттық байланыс серігін ұшырды
Фото: Anadolu ajansı

Осы оқиғаға арналған салтанатты іс-шара ел президенті Реджеп Тайип Ердоғанның қатысуымен өтіп жатыр. 

Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу хабарлағандай, Türksat 6A ұшырылымы түрік спутниктерінің қазіргі 3,5 млрд адамнан 5 млрд-қа дейін қамтылуын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа аппарат байланыс қызметін кем дегенде 15 жыл көрсетеді. 

Министрдің айтуынша, Türksat 6A жобасы – 20 жылға жуық жүргізілген жұмыстың нәтижесі және оны жүзеге асыру Түркияны байланыс спутниктерін өздігінен шығаруға қабілетті әлемнің 11 елінің қатарына қосқан. Локализация деңгейі – ерекше мақтаныш. 100 құрамдас бөліктің 84-і Түркияның өзінде жасалған, ал жергілікті бөлшектердің үлесі 80 пайыздан асты. 

Türksat 6A 1994 жылы Türksat 1B ұшыруымен басталған түрік спутниктік бағдарламаның тарихын жалғастырды. Келесі жылдары Türksat 1C (1996) және Türksat 2A (2001) орбитаға шығып, ұлттық спутниктік байланыс инфрақұрылымының негізін қалады. 

Уралоглу атап өткендей, Türksat 6A ұшырылымы – тек технологиялық жетістік емес, Түркияның ғарыштағы қатысуын күшейтуге және негізгі секторларда шетелдік технологияларға тәуелділікті азайтуға бағытталған стратегиялық қадам. 

– Türksat 6A түрік ғарыш индустриясы мен технологиялық егемендігінің жаңа дәуірінің символына айналады, - деді түрік министрі. 

Бұған дейін SpaceX АҚШ-тың барлау қызметіне арналған спутниктерді ғарышқа ұшырғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар