Түркия тұрғындары үшін Мысыр тартымды туристік бағытқа айналуда
АСТАНА. KAZINFORM — Мысыр қолжетімді баға, визасыз режим және көлік қатынасының ыңғайлылығы жағынан түрік туристері арасында қарқынды түрде танымал бола бастады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ekonomim газетінің дерегінше, соңғы бір жылда Мысырда демалған түркиялықтардың саны 70%-ға артып, 250 мың адамға жеткен. 2025 жылы бұл көрсеткіштің тағы 30%-ға өсуі мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, негізгі себептердің бірі – баға айырмашылығы мен жеңілдетілген кіру шарттары. Егер Түркия курорттарындағы төрт жұлдызды қонақүйлерде бір түнгі демалыс құны 100-220 еуро болса, Мысырдағы танымал бағыттарда ол бар болғаны 90-130 еуро шамасында.
2025 жылғы жаңа әуе қатынасы туралы келісім де әсерін тигізді, ол екі ел арасындағы рейстер санын екі есеге арттырды.
Туроператорлар биылғы күзде Мысырға арналған пакет-турлардың ерекше сұранысқа ие болғанын айтады. Tatilsepeti компаниясының мәліметінше, бұл бағыттағы сұраныс 40%-ға өскен.
Бұған дейін Түркиядағы ең бай аймақтар рейтингі жарияланды.