Түркия түрмелерінде адам саны шекті деңгейден асып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның түрме жүйесі бұрын-соңды болмаған шамадан тыс жүктемеге тап болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Елдегі Түрмелер бас басқармасының мәліметінше, биыл маусым айының басындағы жағдай бойынша елдегі жалпы сотталғандар саны 416 927 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш Түркияның 34 провинциясындағы халық санынан көп әрі түрмелердің 295 000 адамға есептелген ресми сыйымдылығынан айтарлықтай асып түседі.
Жалпы сотталғандардың ішінде 359 227 адам – үкім шыққан жазасын өтеушілер, ал 57 700 адам – тергеу изоляторында, сот шешімін күтіп отыр. Соңғы екі айда қамауға алынғандар саны 13 867 адамға артқан. Бұл Түркияның пенитенциарлық жүйесіне түсетін жүктеменің күрт өскенін көрсетеді.
Түркияда түрмелер белгіленген сыйымдылықтан 121 мың адамға асып кеткені ерекше алаңдаушылық туғызып жатыр. Бұл жағдай қамаудағылардың өмір сүру жағдайына, қауіпсіздікке және адам құқықтарының сақталуына елеулі қауіп төндіреді.
Қазіргі таңда түрмелерде 18 727 әйел отыр. Бұл дерек те қоғам назарын аударуда, себебі әйелдерді ұстауға арналған жағдайлар мен инфрақұрылым әлі де жетілдіруді қажет етеді.
Сарапшылардың пікірінше, қылмыстық саясатты қайта қарап, шартты жаза, түзету жұмыстары және оңалту бағдарламалары сияқты балама жазалау шараларына назар аудару қажет.
Бұған дейін хабарланғандай, Түркияда жүргізушілерге қойылатын талап қоғамда дау тудырды.