Түркия үкіметінде министрлердің жартысы ауысты

Бұл тізімде Еуроодақ істері бойынша министр Эгемен Багыш та бар. Оның есімі жемқорлыққа байланысты істе аталды, дегенмен ол қызметінен кетуі жөнінде өтініш білдірмеген. Жаңа кабинет мүшелерінің толық тізімі әлі жарияланған жоқ.
Кеше, сәрсенбі күні ішкі істер министрі Муаммер Гюлер, экономика министрі Зафер Чаглаян, қоршаған ортаны қорғау және қала құрылысы министрі Эрдоган Байрактар өз қызметтерінен кетті. Олардың ұлдары 17 желтоқсан күні өткізілген «Ірі пара алу» сыбайлас жемқорлыққа қарсы шарасының барысында қамауға алынғандардың арасында болып шықты. Ал министрлердің өздеріне қарсы бас прокуратурада «пара алды деген айыппен» қылмыстық істер қозғалуда.
Қаржы қылмысына қарсы күрес басқармасы өткізген шара барысында 50-ден астам күдікті ұсталды. Олардың бәрінің ақшаның жылыстауына, жемқорлық және алтын контрабандасына қатысы бар.