Түркияда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия үкіметі 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні шектеу және 18 жасқа толмаған балаларға жазаны қайта қарастыру шараларын аяқтады, деп хабарлайды NTV.

Жобадағы бес түрлі заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделгені хабарланып, 17 баптан тұратын топтама дайындалды. Бұл пакет екі негізгі блокты қамтиды: «Балалар қылмысымен күресу процедуралары» және «Балаларды цифрлық тәуекелдерден қорғау ережелері».
Цифрлық тәуекелдерден қорғау шеңберінде әлеуметтік желі қызметінің операторлары 15 жасқа толмаған балаларға қызмет көрсетпейді, яғни халықаралық деңгейде белсенді қолданылатын әлеуметтік желілерді 16 жасқа толмаған балалар пайдалана алмайды.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық туралы бөлімде 15 пен 18 жас аралығындағы қылмыс жасаған адамдар қамтылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жаза осы жастағы адамдарға жеңілдетілді. Жаңа ережелерге сәйкес, ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімі ұзартылады: мысалы, ауырлатылған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасының орнына берілетін 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы 27 жылға дейін, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасының орнына берілетін 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы 18 жылға дейін ұлғайтылуы мүмкін.
Сондай-ақ жобада егер қылмыс қасақана немесе ауыр зардаптарға әкеп соққан болса, не адам бұрын қасақана қылмыс жасаған болса, соттың жазаны жеңілдетпеуге құқығы бар екені де қарастырылған.
Еске сала кетейік, Түркия Парламентінің спикері жаңа Конституция қабылдауға шақырды.