Түркияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бес сарбаз опат болды

АСТАНА. KAZINFORM — Ескишехир провинциясында жаттығу кезінде тікұшақ апатқа ұшырап, Түркия әскери-әуе күштерінің бес сарбазы қаза тапты. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.

Түркияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап бес сарбаз опат болды
Фото: Анадолы

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі қайтыс болған бес әскери қызметшінің тұлғалары анықталғанын мәлімдеді.

 

Қайтыс болғандардың денелері Анкараға жеткізілді. Сот-медициналық сараптамадан кейін олар жерлеу үшін туған жерлеріне жіберіледі.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған сарбаздардың қазасына байланысты көңіл айтты.

 

Тікұшақ апатынан кейін оқиға орнында өрт тұтанған. Апаттың себептері тексеріліп жатыр.

Соңғы екі аптада Түркияда әскери тікұшақ екінші мәрте апатқа ұшырап отыр. Бұған дейін 12 қарашада Түркияның оңтүстік-шығысындағы Малатья провинциясында S-70 әскери тікұшағы апатқа ұшыраған еді. Салдарынан борттағы төрт әскери қызметкер қаза тапқан.

Ал өткен аптада Иорданияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бес әскери қызметші зардап шеккен болатын.

Сондай-ақ өткен айдың соңында АҚШ-та екі тікұшақ соқтығысып, үш адам қаза тапқан.