Түркияда балалар мерекесі аталып өтті

АНКАРА. ҚазАқпарат – Жыл сайын 23 сәуірде Түркияда ұлттық егемендік күні мен балалар мерекесі аталып өтеді. Елде бұл мейрам ресми демалыс күні болып саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
None
None

Балалар мерекесінде Анкарадағы Аныткабир мавзолейі алдында, ал басқа қалаларда Мұстафа Ататүріктің ескерткіші жанында ресми және салтанатты шаралар өткізіледі.

Қалалардың орталықтары, мектептер мен басқа да қоғамдық орындарға республика негізін қалаған тұлғаның портреті, ту және шарлар ілінеді. Үкіметтің өкілдері оқу орындарын аралап, балаларды құттықтайды. Ал, балалар болса, мемлекеттік тудың түсіне сәйкес ақ-қызыл киім киеді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, балалардың бір күнге мемлекеттік мекемелердегі, министрліктер мен ведомстволардағы ересектердің қызметін атқару дәстүрі де бар. Олар үкімет пен қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, конференцияларға да қатыса алады.

Балалар үшін бұл мереке тәттілер мен сыйлықтар алатын күн. Мереке қарсаңында дүкендердің көбінде ойыншықтар, тәтті тағамдар мен балаларға арналған кітаптар жаппай сатылымға шығарылады. Мұндай кезде 50%-ға дейін жеңілдіктер жүреді.

Бұдан біраз уақыт бұрынға дейін мерекенің шығу тарихы аздап ұмыт қалған. Бұл күннің мән-маңызы туралы түрлі нұсқалар болған. Алайда, 23 сәуір бірден бірнеше оқиғаны ұштастырғаны анық.

1920 жылы дәл осы күні түрік парламенті құрылған – Түркияның ұлы ұлттық жиналысы. Осыдан бір жыл өткеннен кейін заң жүзінде 23 сәуір – елдегі алғашқы ұлттық мереке болып жарияланды. Оның атауы да солай болған – «23 сәуір ұлттық мерекесі». Ол кезде Түркия әлі де сұлтанат болып тұрған. 1923 жылы ел Түркия Республикасы болып жарияланғаннан кейін ғана бұл мереке - ұлттық егемендік күні ретінде аталып өте бастады.

Ал, балалар мерекесі республиканың алғашқы президенті Мұстафа Ататүріктің бастамасымен 1927 жылы пайда болды. Осылайша, Түркияда ұлттық егемендік және балалар күні белгіленді.

Еске сала кетсек, Қазақстанда балаларға ұшақпен тегін ұшуға мүмкіндік беретін бағдарламаға сұраныс болмай отыр.



Соңғы жаңалықтар