Түркияда бүгін екінші рет жер сілкінді

АНКАРА. Анадолы – ҚазАқпарат – Түркияда тағы да 4,9 балдық жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркияда бүгін екінші рет жер сілкінді
Фото: AP Photo/ Mahmut Bozarsan

Жер сілкінісінің ошағы Қахраманмараш аймағынан солтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жерде болған. Тереңдігі 5 км. Жер сілкінісінен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Айта кетсек, бұл Түркияның Қахраманмараш провинциясында бүгін болған екінші жер сілкінісі. Бұған дейін аталған провинцияда қуаты 4,7 магнитудасымен жер сілкінісі тіркелген еді.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш провинциясында қуаты 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Тербеліс елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда сезілді.
Мамандар аймақта жерасты дүмпулері әлі де жарты жыл бойы жалғасады деген болжам жасады. Түркияда жойқын зілзала болатынын болжаған Нидерланд зерттеушісі Франк Хугербитс наурыз айының басында жаңа апаттар күтілетінін ескертті.