«Түркияда Елбасына ескерткіш қойылады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 27-сі, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Түркияда Елбасына ескерткіш қойылады. Бұл туралы елімізде ресми сапармен жүрген аталған елдің басшысы Абдолла Гүл елордадағы «Нұр-Орда» халықаралық қазақ-түрік лицейіне барған кезде мәлім еткен. «Алаш айнасы» газетінің хабарлауынша, білім ошағын аралап көрген Түркия Президенті Қазақстан басшысының бүкіл түркі дүниесі үшін атқарып отырған жұмысын жоғары бағалаған. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күллі түркі әлемі үшін жасаған жұмыстарына ризашылығымызды білдіре отырып, біз Анкарада құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатпақпыз», деген А.Гүл.

«Өлген киіктерді санаудан басқа амалдың қалмағаны ма?». «Алаш айнасы» газетіндегі осы тақырыппен берілген мақалаға Батыс Қазақстан облысында киіктердің жаппай өлуі арқау болған. «Кеше қырылған ақбөкендер қатарының 12 мыңға жеткені мәлім болды», деп жазады басылым. Жазылған жайттың егжей-тегжейін газеттің бейсенбілік нөмірінен оқи аласыздар.

«Домбырамыз - арақ, Абайымыз - насыбай, рәмізіміз - ішкиім болып жүр. Ұлттық құндылықтарын қастерлейтін елдің рәмізі кіндіктен төмен түспес еді... «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деп әспеттеп жүрген ұлттық аспабымыздың ащысудың ыдысына айналғаны несі? «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп қазағының жоғын жоқтаған Абай атамыз уақыт өте келе ұрпағының насыбай сыртына атын берерін ойлады ма екен? Намысы, рухы бар елдің ұлттық құндылығы бұлай аяқасты болмауы керек еді ғой», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл мәселе басылымның бүгінгі нөмірінде «Намысымызды қорғауға да заң керек пе?» деген тақырыппен жарияланған. Сонымен қатар мақалада көтерілген жайттарға орай білікті мамандардың да пікірлері берілген.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиынға қазіргі кездегі ең бір көкейтесті проблемалар - Қазақ елі жүргізетін көші-қон және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелер шығарылған. «Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері, сондай-ақ діни экстремизмге қарсы тұруға бағытталған іс-шаралар жайын да талқыға салды», деп жазады басылым. Алқалы жиында көтерілген жайттар төңірегінде кеңірек басылымның бүгінгі нөміріндегі «Мемлекет енді демографияға басымдық береді» деген мақаладан оқып білесіздер.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүл «КАDЕХ-2010» қару жарақ және әскери-техникалық мүліктердің бірінші халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның баяндауынша ашылу рәсімінен соң көрмені шамалы аралаған екі елдің басшылары қазақстандық армия жабдықталған, небір қиын жерлерден өте алатын автокөлік техникаларының үлгілерімен танысқан. «Президенттер көрмеге келді» деген тақырыппен берілген мақаланы егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе газеттің бейсенбілік нөміріне назар аударыңыз.

Ағымдағы жылы қазақтың ғұлама ғалымы, ағартушы-демократ, шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың туғанына - 175 жыл. Осыдан 3 жыл бұрын Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров пен ір топ шоқантанушы ғалымдардың бастамасымен Шоқанның толық шығармалар жинағын қазақшаға аудару жұмыстары басталған еді. «Айқын» газетінің бүгінгі санында ғұлама ғалымның тұңғыш рет толықтай қазақ тілінде шыққалы жатқан 6 томдық жинағы жайлы еліміздің саясаттанушылары мен тарихшылары ой бөліскен. Ой-пікірлер «Біз Шоқанды қаншалықты таныдық?» деген тақырып астына топтастырылған.

***

«Нұр Астана» газетінде Көлік жіне коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әбимолдамен арадағы сұхбат «Елімізде білікті ұшқыштар жетіспейді» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол авиация кадрларын даярлау мәселесіне қатысты сұраққа «бұл ең бір түйіні шешілмеген мәселе. Бүгінгі таңда Қазақстанда бір ғана жоғары оқу орны - Алматыдағы азаматтық авиация академиясы бар. Өкінішке қарай, бұл оқу орны заманауи талаптарға жауап бермейді. Академия түлектері ескірген, бұрынғы кеңестік бағдарлама негізінде оқытылып, шығарылады», депті.

Осы басылымда «Сталиндік зұлмат: азалы деректер» деген тақырыппен саяси қуғын-сүргін жылдарындағы нақты деректер берілген. Мәселен, «Карлаг» - Қарағанды еңбекпен түзеу лагері - Гулаг архипелагындағы ең ірі азап лагері. 1931-1956 жылға дейін осылай аталды. Ең алғаш 1932 жылы мұнда 22 мың адам отырса, соның 87 пайызы қазақтар болған.

***

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ресми веб-сайты маусым айынан бастап 9 тілде жұмыс істемек. Бұған дейін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде нсұқалары бар сайт енді қытай, түрік, араб, испан, француз, неміс тілдеріндегі беттермен толыға түспек

Осы басылымның дәстүрлі «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов елордалықтардың өздерін толғандырған сауалдарына газет беті арқылы тұщымды жауап берген.

***

«Кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Yung's Enterprise Holdings компаниясының басқарма төрағасы Ларри Юнг бастаған гонконгтық инвесторлар делегациясын қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында бірлескен инвестициялық бастамалар мен Қазақстан Республикасы экономикасының әртүрлі салаларындағы нақты жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. К.Мәсімов Қазақстан Үкіметі өзара тиімді негізде гонконгтық инвесторларға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін қуаттады. Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы екіжақты ынтымақастықтың одан әрі дамитынына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар