Түркияда F-16 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның батысындағы Балыкесир провинциясында жауынгерлік оқу-жаттығу кезінде F-16 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыш қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform-ның Анкарадағы меншікті тілшісі.
Балыкесир губернаторы Исмаил Устаоглу Түркия әскер-әуе күштерінің 9-шы Бас реактивті базасына тиесілі F-16 ұшағы ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырағанын хабарлады.
Оның айтуынша, бір ұшқыш қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты.
Ұшақпен байланыс ол ұшып шыққаннан кейін біраз уақыттан соң үзілді. Содан кейін шұғыл іздеу-құтқару жұмыстары басталды, оның барысында ұшақ қирандылары анықталды.
Апат Измир-Ыстанбұл тас жолы маңындағы Кареси қаласының Найпли ауданында болды.
Оқиғаға байланысты тас жолдың бір бөлігіндегі көлік қозғалысы уақытша жабылды.
Төтенше жағдайлар қызметі мен мамандар оқиға орнында жұмыс істеуді жалғастырып жатыр.
Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемесінде апаттың себебі авиациялық оқиғаларды тергеу комиссиясы жұмысының қорытындылары арқылы анықталатынын атап өтті.
Ведомство қаза тапқан ұшқыштың отбасына көңіл айтты.
Осыған дейін Түркия Грузиядағы ұшақ апатынан кейін C-130 рейсін тоқтатқанын хабарлаған болатынбыз.