Түркияда қатты су тасқыны салдарынан бір адам жоғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Трабзон қаласында толассыз жауған нөсерден кейін жаппай су тасқыны болды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Түркияда қатты су тасқыны салдарынан бір адам жоғалды
Фото: Видеодан скрин

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан қаладағы көшелер, үйлер, кәсіпорындар мен ауруханалар су астында қалды.

Соңғы мәлімет бойынша, Акчаабат ауданында 72 жастағы тұрғынды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Шамаланғандай, оны су ағыны алып кетті.

Ең көп зардап шеккен Беширли аймағы болды, онда жағалаудағы ескі жол толығымен су астында қалған. 50-ге жуық көлікті су басып, ондаған дүкен мен кеңсе бүлінген. Билік көшкін мен топырақтың опырылу қаупі әлі де бар екенін ескертті.

Трабзоннан басқа Түркияның көршілес Гиресун, Орду және Ризе провинцияларында қатты жаңбыр мен ықтимал табиғи апаттар («сары код») туралы ескерту жарияланды.

Трабзон губернаторы Азиз Йылдырым кейбір аймақта бірнеше сағатта 60 мм-ден астам жауын жауғанын хабарлады. Бұл су деңгейінің күрт көтерілуіне себеп болды. Сондай-ақ оқу орындары мен медициналық мекемелерді жарым-жартылай су басты.

Келтірілген шығынды анықтау жұмыстары басталды, салық және ауыл шаруашылығы органдарының өкілдері жұмылдырылды.

Қызметтер жұмысын тәулік бойы жалғастырып жатыр. Синоптиктер жауын-шашынның көп болатынын әлі болжап отырған жоқ, бірақ билік әсіресе өзен арналары мен жыраларға жақын жерде тұратын адамдардан қырағы болуын сұрайды.

Бұған дейін Түркияда 5,8 магнитудалық жер сілкінісі болды. Түркия Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар агенттігі (AFAD) жер сілкінісі кезінде үрейленіп қашқан 14 жастағы қыздың қаза болғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар