Түркияда «Қазақ мәдениеті апталығы» басталды
Шараға Ескішаһар провинциясының губернаторы Гюнгор Азим Туна, «ТҮРКІСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, академиялық топтар, қоғамдық-саяси және гуманитарлық топтар өкілдері, қазақстандық студенттер және Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
«Түркиядағы қазақ мәдениеті апталығы» ауқымында Ескішаһардың, Анкараның, Болудың және Ыстамбұлдың ірі концерт залдарында Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің, К.Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің, КСРО халық әртісі, КСРО және К.Байсейітова атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Ленин және Еңбек Қызыл ту ордендерінің иегері, атақты колоратуралық сопрано иегері Бибігүл Төлегенованың концерттері өтеді», - делінген хабарламада.
Қазақстандық шығармашыл топ Түркия бойынша турнені 2013 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы Ескішаһар қаласынан бастады. Көрнекті қазақ әншісі Б.Төлегенова Тәттімбет атындағы академиялық оркестрге қосылып, өзінің реперуарындағы шығармаларын орындап, түрік көрермендеріне зор әсер қалдырды. Ескішаһар провинциясының губернаторы Түркияда «Қазақ мәдениетінің апталығы» өткізілуі мәдениет және өнер саласындағы қазақстан-түрік ынтымақтастығын одан әрі тереңдете түсуге үлес қосады, деп атап өтті. «Қазақстан адамзаттың мәдени-гуманитарлық мұрасына зор үлес қосып отырғанына менің тағы да көзім жетті», - деді Г.Туна.
ҚР елшісі қазақстандық шығармашыл топты жылы шыраймен қабылдағаны үшін Ескішаһар провинциясының губернаторына алғыс айтты.
Түрік көрермендері қазақстандық өнер шеберлерінің орындау шеберлігін жоғары бағалады.