Түркияда қазақтың ұлттық бұйымдары мен тағамдары таныстырылды

Көрмеде түрік еліндегі қаракөз қандастарымыздың қолынан шыққан ерлер мен әйелдерге арналған бас киім үлгілері, былғарыдан тігілген заттар мен көздің жауын алатын әшекейлер көпшіліктің назарына ұсынылды. Тіпті ерекше қызығушылық білдірген қатысушылар ұлттық киімдерімізді киіп, естелік суретке түсіп жатыр.
Осман империясының негізін қалаушы Осман Гази Бурса қаласына кіріп келгенде Келестің Қожайайла жайлауына хан ордасын тігіпті. Араға 7 ғасырдай уақыт салып, тарихи маңызды орында түбі бір түркітілдес халықтары бас қосып, тұңғыш мәрте ұлттық спорт түрлерінің фестивалін 2 күн бойы дүркіретіп өткізді. Айтулы шараға жергілікті халықпен бірге шетелден арнайы келген қонақтар да белсенді қатысты. Фестивальге келген Анадолы жеріндегі түркі халықтарының мәдени орталықтарына жайлауда арнайы 16 шатыр мен алты қанатты киіз үй бой көтерді. Әр үйдің іші мен сырты ұлттық нақышпен безендірілген. Бірінен бір қалмай жайнап, жарқырап тұр. Өйткені бұл ауқымды іс-шарада әр халық өзінің мәдениеті мен салт-дәстүрін жан-жақты танытуға күш салуда.
«Осы жерде де біздің жігіттеріміз домбыра шертіп, қазақ киімдері шапан, бас киімдерін танытып, қоғам шығарған газет-журналдарды таратып жатыр. Келген халық өте көп. Бізге қызығушылық танытуда. Қазір осы жерге киіз үйімізді салдық. Қазақстанымызды осы жерге келген барлық түріктілдес халыққа танытып жатырмыз», - деді Қазақ түріктері зерттеу және білім беру қоғамының төрағасы Серкан Динчтүрік.
Көрмені тамашалауға келген көпшілікке қандастарымыз Ыстамбұлда жарық көретін «Қазақ елі» журналын таратып, Қазақстан жайлы маңызды мағлұматтар беруге тырысты. Жергілікті халықты еліміздің тарихи-мәдени орындары мен туристік орталықтары ерекше қызықтырып отыр. Олар көрмеге қойылған көздің жауын алар ұлттық бұйымдарға да көңіл бөлді. Мысалы күмістен жасалған зергерлік заттар, былғарыдан тігілген бас киімдер мен түркі халықтарының таңбалары бейнелген білекті жиылған жұрттың таңданысын туғызды. Мұхаммед Айдын мектеп қабырғасынан бері көшпенді халықтардың тарихы мен өмір салтын зерттеп келеді. Ол бүгінгі фестиваль аясында алғаш рет қазақтың ақ дастарханынан дәм-ауыз тиді.
«Піскен айранның дәміне келеді, бірақ қышқылдау екен. Әлде маған солай көрінді ме? Қымыз жайлы көп естідік қой, бірақ қазақтың ұлттық сусынын Түркияда көп жерде кездестіре бермейсің. Ал бүгін сәтін салғанда көптен бері қызығып жүрген бұл қымызды да ішіп көрдік. Өз басыма ұнады», - деді Бурса қаласының тұрғыны Мұхаммед Айдын.
Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі шеңберінде дүйім жұрт түркі халықтарының сүйікті ойындары көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу мен күрес, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды ақыл-ой ойындарын кеңінен тамашалады. Тіпті арнайы мамандар қызығушылық білдірген адамдарға атқа міну, нысанаға көздеуден арнайы дәріс те берді.
«Біздің мақсатымыз халықты садақ атуға баулу, олардың бұл спорт түріне деген қызығушылығын арттыру. Өйткені екі жыл бұрын санаулы ғана адамдармен бастап едік, қазір жүздеген кісі садақ атумен тұрақты айналысады. Қатарымыздың көбейгенін қалаймыз. Мұндай шаралар ұмыт болған кейбір әдет-ғұрып, дәстүрімізді қайта жаңғыртуға, оны насихаттауға зор мүмкіндік береді», - деді садақ атушы Эмребек Ару.
Жиынның соңында қатысушылар жаппай «Қара жорға» биін биледі. Ұйымдастырушылар ұлттық спорт фестивалін жыл сайын өткізіп, осылайша халықтық мерекеге айналдыруды жоспарлап отыр.