Түркияда киберқылмыспен күрес күшейді: 350 күдікті ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Ішкі істер министрлігі киберқылмыспен күрес аясында елдің 28 провинциясында ірі арнайы операция өткізілгенін хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Министрлік киберқылмыстық топтардың қызметін тоқтату мақсатында бірқатар ауқымды операциялардың аяқталғанын мәлімдеді. Тексеру шаралары 28 провинцияда бір уақытта жүргізіліп, заңсыз бәс тігу ұйымдастыру, балалар порнографиясын тарату, қылмыстық қауымдастық құру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату сияқты әртүрлі қылмыстық әрекеттерді қамтыды.
Жалпы есеппен 350 адам ұсталды. Министрліктің дерегінше, 140 күдікті сот шешімімен қамауға алынған, ал 52 адамға сот бақылауы шаралары қолданылған. Қалған фигуранттарға қатысты тергеу әрекеттері әлі де жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары айтарлықтай көлемдегі қолма-қол ақшаны, әртүрлі типтегі қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, есірткі заттарын және заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін деп болжанатын көптеген сандық материалдарды тәркілеген.
Тергеушілер қылмыстық схемалардың қаржылық құрамына ерекше назар аударды. Кірістерді жылыстату деректері бойынша күдіктілердің активтері қамауға алынды: екі компания, 10 жылжымайтын мүлік нысаны, 18 автокөлік және банктік есепшоттар. Блокталған қаражаттың жалпы сомасы 6,5 миллион АҚШ долларынан асады.
Ішкі істер министрлігі киберқылмыспен күрес операциялары жалғасатынын және Түркияда ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау мен тоқтату жұмыстары негізгі басым бағыт болып қала беретінін атап өтті.
Бұған дейін Стамбул прокуратурасының үйлестіруімен наркобизнеске қарсы ірі арнайы операция жүргізілгені хабарланған болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркияда есірткіге қарсы операциялар жүргізіліп, жүздеген адам ұсталған болатын.