Түркияда матрасын жақпақшы болған ер адам орманды өртеп жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылдың 22 шілдесінде Түркияның Сакария провинциясының Акязы ауданында ер адам өзінің ескі матрасын жақпақшы болып, орманды өртеп жіберді.

Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Али Ерликая Х-тағы парақшасында жазды.
Ерликая 22-27 шілде аралығында болған орман өртіне байланысты барлығы 7 күдіктінің ұсталғанын, олардың 3-інің түрмеде екенін, 4-інің сот бақылауымен босатылғанын хабарлады.
— 22 шілдеде Акязы ауданы Бозтепе ықшам ауданында басталған өртке А.Б есімді адам себепші болған. Ескі матрасын жақпақшы болған кезде өрт орманға таралып кеткен. А.Б. қамауға алынды, — деді Ерликая.
Алапат өрт елдің басқа аймақтарында да өршіп тұр. Қоршаған орта және урбанизация министрі Мұрат Курумның айтуынша, өткен аптада Анталия, Биледжик, Бурса, Карабүк, Сакария және Ушак провинцияларында орман өртінен 104 нысан, оның ішінде 68 үй қатты зақымдалған немесе қираған.
Еске сала кетейік, Түркия орман өртімен күресіп жатыр.