Түркияда орман өрттері салдарынан 407 тұрғын үй жойылған

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Ішкі істер министрі Али Ерликая соңғы екі айға жетпейтін уақытта елдің 13 провинциясында орман өрттерінен 407 тұрғын үй, 17 коммерциялық нысан және 96 шаруашылық құрылыс толықтай жойылып не күрделі зақымданғанын мәлімдеді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Түркиядағы орман өрті
Фото: Азертадж

Министр Али Ерликая табиғи апаттар аймағындағы залалды өтеу мақсатында егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп жатқанын айтты.

Түркия Ішкі істер министрінің сөзінше, зардап шеккендерге мемлекет бөлген 128 миллион түрік лирасының 83 миллионнан астамы өтемақы ретінде төленді.

— Баспанасыз қалған азаматтар 105 модульдік үйге орналастырылды. Аномальді ыстықтың аясында барша отандастарымды барынша сақ болуға шақырамын, — деп атап өтті министр.

Түркия билігі орманды алқаптардағы өрттердің басым көпшілігіне адам факторы себеп екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Орман өрттері мәселесі бүгін президент Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өтетін Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне енгізілді.

Айта кетейік, Түркия халқы кейбір азаматтың табиғатқа немқұрайлы қарауының зардабын тартып отыр. Ел аумағында жыл басынан бері тіркелген 4 247 орман өрті оқиғасының 96 пайызы адамның кесірінен болған. Бұл туралы Режеп Тайып Ердоған айтты.

Жақында ғана Түркияда матрасын жақпақшы болған ер адам орманды өртеп жібергені анықталды.

Бұған дейін Түркияда орман өртіне байланысты қамауға алынғандар саны 40-қа жақындағаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар