Түркияда орман өрттерінің 96 пайызы адамның кесірінен болған—Ердоған

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия халқы кейбір азаматтың табиғатқа немқұрайлы қарауының зардабын тартып отыр. Ел аумағында жыл басынан бері тіркелген 4 247 орман өрті оқиғасының 96 пайызы адамның кесірінен болған, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Ердоған
Фото: Азертадж

Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 28 шілдеде Анкарада өткен Министрлер кабинетінің отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, орман алқаптарына қасақана өрт қою және саботаж әрекеттері тіркеліп жатыр.

— Өрттің туындауына себепкер болған әрбір адам заң алдында қатаң жауап береді, — деді Ердоған.

Сондай-ақ ол өткен жылдың соңғы 145 жылдағы ең ыстық жыл болғанын еске салды.

— Қатты ыстық, ылғалдың аздығы және қатты жел өрт қаупін арттырып отыр. Бұл жағдайға байланысты біз барлық қажетті шараларды қабылдадық. Қазіргі таңда Түркияның орман алқаптары 14 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) және 776 бақылау мұнарасы арқылы тәулік бойы бақыланады. Бұл жүйе өрт ошағын орта есеппен 2 минут ішінде анықтап, 10–11 минут ішінде өрт сөндіру жұмыстарын бастап кетуге мүмкіндік береді, — деді президент.

Оның айтуынша, Түркия — орман мониторингінде дрон технологиясын ең белсенді қолданатын екі елдің бірі.

Президент Ердоған сондай-ақ өңірлік дағдарыстар мен соғыстарды бейбіт жолмен шешу бағытындағы Түркияның күш-жігеріне тоқталды.

— Ел шекараларына жақын аймақтардағы дағдарыстар ушығып келеді. Ал Анкара бұл түйткілдерді шешу үшін бар күшін салып отыр. Ресей мен Украина арасындағы соғысқа келсек, біз алғашқы күннен бастап бейбітшілікті қолдап келеміз. Бұл соғыс тез арада тоқтатылуы тиіс, — деді Түркия президенті.

Сонымен қатар ол Түркия әр мүмкіндікті пайдаланып, Украина мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі кездесу өткізуге шақырып жүргенін атап өтті.

Бұған дейін хабарланғандай, Түркияда матрасын жақпақшы болған ер адам орманды өртеп жіберді.

Соңғы жаңалықтар