Түркияда президент сайлауы ағымдағы жылдың 10 тамызында өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда президент сайлауын 2014 жылдың 10 тамызында жаңа ережелер бойынша өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ферғана.
None
None

Ел конституциясына 2010 жылы енгізген өзгерістерге сәйкес, президент алғаш рет халықтың дауыс беруі арқылы сайланатын болады. Бұған дейін ел басшысын парламент тағайындап келген болатын. Сондай-ақ жаңа өзгерістерге сәйкес, президенттің мемлекетті басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқарды.

Айта кетерлігі, алдағы президент сайлауына тұңғыш рет шет елдерде тұратын Түркияның азаматтары қатыса алады. Бүгінде шетте жүрген 751 мың азамат тіркелген. Бұған қоса, 56 елдегі 118 түрік елінің елшілігінде сайлау учаскелері ашылады. Түрік ағайындар 4 күн ішінде, яғни 31 шілде мен 3 тамыз аралығында қалаған үміткерге өз дауысын бере алады.

Агенттіктің хабарлауынша, болашақта Түркия президенттік республикаға айналуы мүмкін. Бүгінде елді басқарып отырған Әділеттілік пен даму партиясы мемлекеттік құрылымның осындай формасына көшу жөніндегі заң жобасын әзірлеп, парламент қарауына ұсынды.

Қазіргі президент Абдулла Гюль әзірге сайлауға қатысуға ниет білдірмеді. Премьер-министр Реджеп Тайип Эрдоган Конституцияға Әділеттілік пен даму партиясы ұсынған мемлекет басшысының позициясын күшейтетін өзгерістер енгізілсе президенттік сайлауда үміткер болатынын жеткізді, деп жазады Ферғана.

Соңғы жаңалықтар