Түркияда ірі алтын контрабандасы әшкереленді: еттартқыштың ішінен 21,5 келі алтын табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Кыршехир қаласында полиция қызметкерлері 21,5 келі контрабандалық алтынды тәркіледі. Құнды металл әуежайдан таксимен тасымалданған.
 
                                              Кыршехир полициясының ұйымдасқан қылмыс пен контрабандаға қарсы күрес басқармасы жүргізген арнайы операция барысында алтын еттартқыштың, қамыр илейтін машинаның және аяқ киім қалыптарының ішіне жасырылған күйінде табылды.
Тексеру кезінде қала кіреберісінде тоқтатылған таксиден Өзбекстан азаматына тиесілі екі чемодан анықталған. Чемодандардың ішін ашқанда, полиция қызметкерлері алтынның ұқыпты түрде тұрмыстық техникалардың ішіне жасырылғанын байқаған.

Жалпы табылған алтынның салмағы 21 келі 506 граммды құрады.
Күдікті ұсталып, тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қамауға алынды.
Кыршехир губернаторы Мурат Сефа Демирюрек аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде қылмыспен және контрабандамен күрестің маңыздылығын атап өтіп, полиция қызметкерлеріне кәсіби еңбегі мен табандылығы үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, Түркияда ірі банкноттар шығару кейінге шегерілді.