Түркияда шылым шегетін мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты ұзартылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісіне (Парламент) шылым шегетін мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс уақытын арттыруды ұсынған петиция келіп түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Құжатты ұсынушылардың пікірінше, мұндай қызметкерлер жұмыс уақытында жиі шылым шегу мен түрік шайын ішу үшін үзіліс жасап, өз міндеттерін толық көлемде орындамайды. Сондықтан олар бұл уақытты қосымша жұмыс істеу арқылы өтеуі тиіс деп санайды.
Бастаманың авторлары бұл шараны шылым шекпейтін қызметкерлерге әділдік орнату құралы ретінде қарастырады. Олар жұмыс уақытын толықтай жұмыс орнында өткізіп, ештеңеге алаңдамайды.
Ұсыныс әлі қаралып жатқанымен, бұл бастама қоғам мен мемлекеттік қызметкерлер арасында қызу пікірталас тудырды.
Қоғамда бұл ұсыныс тек заңды тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің жеке еркіндігіне қол сұғу мәселесін де туындатып отыр.
Сарапшылардың кейбірі мұндай шектеу шараларынан гөрі, адамдарды шылым шегуден бас тартуға ынталандыратын механизмдерді енгізу әлдеқайда тиімді болар еді деп есептейді.
Айта кетейік, соңғы Eurostat деректеріне сәйкес, Түркия Еуропада жұмыс аптасының ұзақтығы бойынша бірінші орынға шыққан.
Сондай-ақ, Түркиядағы өндірістік компаниялардың бірі жақында 4 күндік жұмыс аптасын ресми түрде енгізген. Бұл шешім қызметкерлердің жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдігін жақсартып, жұмысқа деген ынтасының деңгейін 85%-ға дейін арттырған.
Айта кетелік Түркияда қаржылық қиындықтар «Аккую» АЭС-нің жаңа блоктарын салу қарқынын бәсеңдеткен еді.