Түркияда Тәттімбеттің 200 жылдық мерейтойына орай саябақ ашылды

Елшіліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, саябақтың ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Етимесгут ауданы әкімі Енвер Демирель Қазақстан Республикасы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, С.Сейфуллин драма театрының директоры Сансызбай Бекболатов, Тәттімбеттің ұрпақтары Дастан Құдабаев пен Мүсілім Жағыппаров және ақын - жазушылар қатысты.
Ашылу салтанаты барысында Тәттімбет Қазанғапұлының өмірбаяны мен күйлері насихатталып, Тәттімбеттің тек күйші ғана емес, сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақынжанды сері адам болғандығы туралы айтылды.
Өз кезегінде сөз алған Түркия Республикасы Анкара қаласы Етимесгут ауданы әкімі Енвер Демирель Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдениет саласында жүргізіліп жатқан іс-шараларды айта келіп, қазақтың көрнекті сазгері Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы саябақтың бауырлас екі елді жақындастыруға және тарихи, мәдени тамырластығын тереңдетудегі алатын орнына тоқталды.
Сонымен қатар Елші Ж.Түймебаев 2011 жылы Етимесгут ауданында қазақ халқының атақты күйшісі «Дина Нұрпейісова саябағы» ашылғандығын айта отырып, тарихы ортақ түркі әлемінің ұлы өнер адамдарының бірі болып табылатын ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлы мұрасының халықтарымызды өзара рухани байытудағы және достық дәнекерлерін нығайтудағы үлкен рөлін тілге тиек етті.