Түркияда темекі сататын дүкендерде жаңа талап енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия билігі жеке деректерді қорғау талаптарын ескере отырып, темекі сатып алушылардың жасын тексерудің түрлі тәсілдерін қарастырып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Түркияның Анкара қаласындағы меншікті тілшісі хабарлайды.
Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоглу темекі сату кезінде жеке куәлікті міндетті түрде тексеру туралы бастамаға қатысты сын-пікірлерге жауап берді.
Оның айтуынша, жаңа шараның негізгі мақсаты — 18 жасқа толмағандарға темекі өнімдерінің сатылуына жол бермеу және жасөспірімдерді никотиннің зиянды әсерінен қорғау.
Министр билік азаматтардың жеке деректердің құпиялылығына қатысты алаңдаушылығын түсінетінін атап өтті. Осыған байланысты жеке ақпараттың қорғалуын және пайдаланудың қолайлылығын қамтамасыз ететін электрондық жүйелерді қоса алғанда, адамның жасын тексерудің түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр.
— Сонымен қатар ел үкіметі темекі шекпейтін азаматтардың таза ауамен тыныстау құқығын қорғау және қоғамдық орындарда темекі шегуге байланысты мәселелерді шешу шараларын да қолға алып жатыр, — деп атап өтті Мемишоглу.
Бұған дейін министр темекі сату кезінде жеке басты куәландыратын құжаттарды міндетті түрде тексеруді және белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауды күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленіп жатқанын хабарлаған болатын. Қарастырылып жатқан шаралардың қатарында саябақтар мен бақтарда темекі шегуге қосымша шектеулер енгізу, сондай-ақ темекі өнімдерінің қолжетімділігін төмендету бар.
Бұған дейін Түркия билігі темекі шегуге қарсы әлемдегі ең қатаң заңдардың бірін талқылап жатқанын жазғанбыз. Ол темекі шегуге біртіндеп тыйым салу және 2040 жылға қарай темекі өнімдеріне толық тыйым салумен байланысты.