Түркияда туристерге танымал eSIM-сервистер бұғатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Ақпарат және коммуникация технологиялары басқармасы сегіз халықаралық eSIM қызметіне қолжетімділікті бұғаттады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі akdenizmanset.com.tr сайтына сілтеме жасап.

Тыйым салынған платформалар қатарында: Saily, Airalo, Holafly, Nomad, Instabridge, Mobimatter, Alosim және BNESIM бар. Бұл шешім цифрлық SIM-карталарды (eSIM) пайдаланатын шетелдік туристер арасында наразылық тудырды.
Аталған сервистер жергілікті операторларға тіркелмей-ақ интернетке шығуға мүмкіндік беретін қолжетімді балама ретінде кең танымал болған еді. Бұл қызметтер әсіресе роумингтегі жоғары тарифтерден қашқысы келген саяхатшылар үшін тиімді болатын.
Бұғаттау салдарынан енді Түркияға келетін шетелдік туристер мобильді байланыс қызметінде шектеулерге тап болып, жергілікті SIM-карталар мен роуминг үшін көбірек төлеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Түркияның Ақпарат және коммуникация технологиялары басқармасы әзірге ресми түсініктеме бермегенімен, сарапшылар бұл шешімді жергілікті байланыс операторларының мүддесін қорғауға бағытталған деп болжайды.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейде 1 шілдеден бастап биометриялық деректерін тапсырмаған шетелдіктер үшін мобильді байланысты өшіру басталатынын хабарлаған едік.