Түркияда Ұлттық егемендік және балалар күні аталып өтті
АСТАНА. KAZINFORM — 23 сәуірде Түркияда Ұлттық егемендік және балалар мерекесі ел бойынша кеңінен аталып өтеді. Алайда бүгін мерекелік көңіл күйді Стамбулдағы жер сілкіністері бұзды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

23 сәуір Түркияда ресми демалыс күні болып есептеледі. Жақын уақытқа дейін бұл мерекенің шығу тарихы біраз ұмыт қалған еді. Оның пайда болуына қатысты әртүрлі нұсқалар болғанымен, бұл күн бірнеше маңызды оқиғаны біріктіретіні анық.
Мереке алғаш рет 1920 жылы Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі (Түркия Парламенті) құрылған кезде бастау алған. 1921 жылдан бастап бұл күн алғашқы ұлттық мереке ретінде атала бастады, ал 1927 жылдан бастап Мұстафа Кемал Ататүріктің бастамасымен бұл күн балалар мерекесі мәртебесін де иеленді.
Бұл күні бүкіл ел бойынша салтанатты іс-шаралар өтеді, балалар ұлттық ту түстеріндегі киімдер киіп, концертке қатысады, әрі символикалық түрде ересектердің әкімдердің, министрлердің, тіпті президенттің қызметтерін атқарады. Қалаларда тулар мен Ататүріктің портреттері ілінеді, балалар тауарларына арналған жәрмеңкелер мен жеңілдіктер ұйымдастырылады. Мереке — ұлт болашағы ретінде балалардың маңызын білдіреді.
Алайда биыл Ұлттық егемендік және балалар күнін атап өту Ыстамбұл маңындағы жер сілкіністеріне байланысты көлеңкеде қалды. Билік пен халық мемлекеттік мерекенің маңыздылығына қарамастан, сейсмикалық жағдайға назар аударуға мәжбүр болды.
Түркия Парламентінің төрағасы Нуман Куртулмуш алдағы уақытта күшті жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтып, дайын болу қажет екенін жеткізді.
Білім министрі Юсуф Текин 24 және 25 сәуір күндері мектептерде сабақ болмайтынын хабарлады.
— Құрылыстарда айтарлықтай зақым жоқ. Тек екі мектепте сылақтарда жарықтар бар. Шешім алдын алу шарасы ретінде қабылданды, — деді министр.
Ішкі істер министрлігі мектеп ғимараттарын қажет болған жағдайда жиналу немесе шұғыл көмек көрсету орталықтарына айналдыру үшін босатуды тапсырды.
Түркия Үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасының (AFAD) мәліметінше, соңғы төрт сағатта Ыстамбұлда шамамен 60 жер сілкінісі тіркелген.
Сонымен қатар, қала тұрғындарының бір бөлігі қауіпсіздік мақсатында басқа аймақтарға уақытша көшіп жатыр.
Бұған дейін Стамбулда күшті жер сілкінісі болғаны хабарланған еді. Сарапшылар жер сілкінісінің қайталану мүмкіндігін ескертті. Бір сағаттың ішінде жеті жер сілкінісі тіркеліп, олардың салдарынан туындаған дүрбелең кезінде 150-ден астам адам жарақат алды.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұл тұрғындарына қолдау білдірді.
Қазақстан Республикасының Бас консулдығы әзірге қазақстандық азаматтардан ешқандай өтініш түспегенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы 6 ақпанда болған жойқын жер сілкіністері кезінде Түркияда 48 448 адам қаза тапқан болатын.