Түркияда үш қаланың мэрі ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда Анталия, Адана және Адияман қалаларының мэрлері Мұхитдин Боджек, Зейдан Каралар және Абдуррахман Тутдере ұсталды. Оларға сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылды, деп хабарлайды Kazinform DW-ге сілтеме жасап. 

Түркияда үш қаланың мэрі ұсталды
Фото: dw.com

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Мұхитдин Боджекпен бірге оның ұлы да қамауға алынған.

Қала мэрі қамауға алынғаннан кейін Аданада оппозициялық саясаткерлердің тұтқындалуына және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен оның үкіметінің отставкаға кетуіне наразылық шеруі өтті. 

– Сот жүйесін саяси кек алудың қаруына айналдыратындар заңның қамын ойламайды, өз билігін қорғауды ойлайды. Біз халықтың еркіне шабуыл жасайтын бұл жүйеге ешқашан бағынбаймыз, - деп жазды ЖЭО төрағасы Бурханеттин Булут X әлеуметтік желісінде.

Бір күн бұрын Измирдің бұрынғы мэрі Тунч Сойер мен Измир провинциясының губернаторы Шенол Асланоғлу, сонымен бірге ЖЭО өкілі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен қамауға алынды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркия Ердоғанның әскери өкілеттігін кеңейтуі мүмкін екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар