Түркияда жалған дипломға қатысты ауқымды қылмыстық схема әшкереленді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның құқық қорғау органдары жалған дипломдар мен жүргізуші куәліктерін жаппай дайындаумен айналысқан қылмыстық желінің қызметін әшкереледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Анкара прокуратурасы бастаған тергеу барысында қаскөйлердің Білім министрлігі мен жекелеген университеттердің цифрлық жүйелерін бұзып, жалған электронды қолтаңбаларды (e-imza) пайдаланғаны анықталды. Олардың көмегімен қылмыскерлер білім туралы құжаттар мен жүргізуші куәліктерін қолдан жасаған.
Аталған іс бойынша 199 адам тергеліп жатыр, олардың 37-сі қамауға алынды. Ерекше алаңдаушылық тудырғаны — қолдан жасалған құжаттардың ауқымы: мектеп аттестаттарынан бастап жоғары білім туралы дипломдар мен жүргізуші куәліктеріне дейін.
Схеманың ұйымдастырушылары мұқият әрекет еткен:
-
Мәліметтер базасынан қайтыс болған немесе оқудан шығарылған студенттер туралы ақпаратты өшіріп, олардың орнына тапсырыс берушілердің деректерін енгізген.
-
«Қызметтердің» құны 250 мыңнан (шамамен 6 мың АҚШ доллары) 2,5 миллион түрік лирасына (шамамен 63 мың доллар) дейін өзгеріп отырған. Кейбір жағдайда төлем криптовалюта арқылы жүргізілген.
Қазіргі уақытта мыналар анықталды:
-
57 жалған университет дипломы
-
4 жалған мектеп аттестаты
-
108 жалған жүргізуші куәлігі
Тапсырыс берушілер арасында ең танымал мамандық — «құрылыс инженері» болған, бұл — еңбек нарығындағы негізгі бағыттардың бірі.
Түркияның Жоғары білім жөніндегі кеңесі (YÖK) мен үкімет өкілдері қылмыстық желінің «дерлік толық жойылғанын» мәлімдеді. Сонымен қатар, олар жүздеген жалған академик туралы қауесеттерді жоққа шығарып, күдіктілер арасында мемлекеттік университеттердің оқытушылары жоқ екенін баса айтты. Тергеуде тек бір автоинструктор мен дене шынықтыру бойынша жаттықтырушы ғана аталған.
Тергеу жалғасуда, билік барлық кінәлілер жауапкершілікке тартылады деп уәде беріп отыр.
Бұған дейін біз Түркияда жоғары білімнің еңбек нарығымен байланысы үзіліп жатқанын жазған едік. Университет түлектері жұмыссыздық пен мамандықтарына сай жұмысқа орналаса алмау мәселесіне тап болған.