Түркияда жер сілкінісінің шығыны 10 млрд долларға жетуі мүмкін
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Дүйсенбі күні таңертең Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен экономикалық шығын 1-ден 10 миллиард АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін, бұл елдің ЖІӨ-сінің шамамен 2%-ын құрайды. АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қызметтің есебіне сілтеме жасап.
Есеп құрастырушылар сонымен қатар жер сілкінісі мен одан кейінгі дүмпулерден қаза тапқандар саны 10,000 адамға жетуі мүмкін деп санайды.
USGS сарапшылары зардап шеккендердің саны 10,000 адамнан асып кету ықтималдығы 47% құрайды деп есептеп отыр. Құрбан болғандар саны 10,000 мен 100,000 адам арасында болу ықтималдығы 20% құрайды, деп жазады CNN.
АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауы аймақтағы жер сілкінісі тарихына, халыққа және ең көп зардап шеккен аймақтардағы құрылымдардың осалдығын тірек еткен модельдеуге негізделген.
«Көптеген құрбандар мен елеулі залалдар болуы ықтимал, ал табиғи апат өте ауқымды болды», — делінген АҚШ Геологиялық қызметінің есебінде.
«Бұл аймақтың халқы жер сілкінісіне өте осал құрылымдарда тұрады, дегенмен кейбір берік құрылымдар да бар», - делінген хабарламада.
«Біз бұл аймақта қатты жер сілкінісі болатынын бұрыннан болжап жүрдік, бірақ оны соншалықты күшті және жойқын болады деп ойламаппыз», —деді түріктің апаттарды басқару жөніндегі белгілі сарапшысы профессор Ахмет Джевдет Ялчинер Toronto Star-ға берген сұхбатында.
Ялчинердің айтуынша, аймақта 1,500 жылдан астам уақыт бойы мұндай күшті жер сілкінісі болмаған. Бұл халық көп шоғырланған қалалардағы залал деңгейін болжауды қиындатады.
«Ауа райының қолайсыздығы, жер асты дүмпуінен бөлек қосымша фактор, бірақ Түркияның негізі қаланғалы бері инфрақұрылымға қатысты мәселелерді бастан кешіруде. Біз берік және көп жылға шыдамды құрылымдар салуымыз керек еді», - деді ол.
Reuters атап өткендей, түрік лирасы жер сілкінісі мен оның салдарынан рекордтық деңгейге дейін төмендеген, бірақ көп ұзамай қайта қалпына келген.
Сондай-ақ, агенттік Ирактан Түркияға мұнай жеткізетін Баку-Тбилиси–Джейхан құбырына табиғи апат әсер етпегенін атап өтті - мұнай айдау жалғасуда.
Фото: Adsiz Gunebakan/Anadolu Agency/Getty Images