Түркияда жылдық инфляция деңгейі қайтадан көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда инфляция деңгейі екі таңбалы мәнде қалып отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Түркия Статистика институты (TÜİK) 2025 жылдың қыркүйек айына арналған инфляция бойынша жаңа деректерін жариялады. Оған қарағанда, тұтыну бағалары бір айда 3,23 пайызғы өсті, ал жылдық инфляция 33,29 пайызға жетті.
Бұл сандар елдегі өмір сүру құнына қысымның жалғасып жатқанын көрсетіп отыр. Қыркүйек айындағы көрсеткіш соңғы айлардағы орташа мәннен асып, бұл тауарлар мен қызметтер бағасының тұрақты өсу үрдісін көрсетеді.
Инфляциялық өсімнің негізгі драйверлері - бұл дәстүрлі түрде азық-түлік секторы, энергия ресурстары және тұрғын үйді жалға беру. Жалпы баға деңгейіне сондай-ақ валютаның ауытқуы және импорттық тауарлар бағасының өзгеруі әсер етуі мүмкін.
Сарапшылар Түркия Орталық банкінің инфляцияны бақылауға тырысуына қарамастан баға деңгейі межеленген деңгейден айтарлықтай жоғары болып қалғанын атап өтті. Осы жағдайда монетарлық саясаттың болашақ шараларына, сондай-ақ үкіметтің әлеуетті фискалдық қадамдарына баса назар аударылады.
Экономистер әсіресе маусымдық факторларды және тұрақсыз сыртқы экономикалық жағдайды ескере отырып инфляциялық қысым төртінші тоқсанда сақталады деп болжап отыр.
Бұған дейін тамыз айында Түркияның жылдық инфляция деңгейі 32,95 пайыз болғанын жазған едік. Бір аймен салыстырғанда тұтыну бағасы 2,04 пайызға өсті.