Түркияда жоғалған Әділ Қадырбековтің денесі табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркияда жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Әділ Қадырбековтің денесі үйінді астынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркияда жоғалған Әділ Қадырбековтің денесі табылды

«Өкінішке қарай, жаңа ғана Әділ Қадырбековтің өлі денесі шығарылды. Болжам бойынша, ол жер сілкінісі кезінде бірден қайтыс болған», - деп хабарлады ҚазАқпараттың Түркиядағы меншікті тілшісі.

Бұған дейін Astana Hub Бас директоры Мағжан Мәдиев Мирус Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің локациясы табылғанын, олардың үйінді астында жатуы әбден мүмкін екенін жазған еді.

«Үйінді астында тірі адамдар жатса да, қазба жұмыстары баяу жүріп жатыр. Техника, кран керек, құтқаруды тездететін адам күші керек. Мұнда әрбір минут маңызды», - деп жазды М. Мәдиев өзінің Telegram парақшасында.

Мағжан Мәдиев жоғалғандарды іздеу үшін Хатай қаласына өзі барған. Бүгін үйінділерді қазу үшін арнайы кран жеткізілген.

Кеше олармен бірге болған Сабина Мамадьярова мен олардың түрік досы Кубилай Кескин табылған еді. Сабинаның қолы сынған және ауруханаға жеткізілді.

Ресми дерекке сәйкес, Түркиядағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12,3 мыңнан асты, 62 914 адам жарақат алды. Халықты орналастыру үшін 70 818 шатыр тігілген.