Түркияда жол апатынан 16 жастағы жасөспірім қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Кахраманмараш провинциясында екі автокөлік соқтығысып, 16 жастағы Самет Өздемир қаза тапты, тағы жеті адам жараланды, деп хабарлайды Kazinform Türkiye Gazetesi басылымына сілтеме жасап.
Зардап шеккендердің арасында Түркия парламентінің Ұлтшыл қозғалыс партиясының (ҰҚП) депутаты Зухал Каракоч пен партияның аймақтық филиалының басшысы Мансур Метехан бар.
Жол апаты 11 қазанда Афшин ауданындағы Афшин — Эльбистан тасжолында болған. Жеңіл автокөлік пен шағын жүк көлігі соқтығысқан. Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, көліктердің бірінде Зухал Каракоч пен Мансур Метехан болған, ал 16 жастағы Самет Өздемир шағын жүк көлігінде отырған.
Депутаттың күзетінде болған полиция қызметкері де оқиға кезінде көлікте болған. Жеті жаралы да Афшин аудандық мемлекеттік ауруханасына жеткізілді. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, Зухал Каракоч Кахраманмараш қаласындағы ауруханаға ауыстырылды.
Провинция губернаторы Мюкеррем Юнлюэрдің мәлімдеуінше, зардап шеккендердің жағдайы жақсы, депутаттың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда жол апаты оның беліндегі бұрыннан бар сырқатын асқындырып жіберген.
Қосымша тексеруден өткізу үшін Зухал Каракочты Анкараға жеткізу туралы шешім қабылданды.
Бұған дейін Түркияда туристер мінген автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 11 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.