Түркияда жүрген отандасымыз жер сілкінісі туралы: Үрей әлі басылған жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ләззат Мырзаш Түркиядағы жер сілкінісінің куәсі болған. Қазір ол балаларымен мейрамхана ғимаратын паналып отыр. Сондай-ақ ол Түркиядағы зілзала апат туралы әлеуметтік желідегі парақшасына жазбаларын жариялаған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Түркиядамыз дегеннен кейін көптеген адамдар, ағайын-туыстарын уайымдап сұрап жатыр. Расында жағдай уайымдайтындай. Жер сілкінісі бізге жақын 2 сағаттық Кахраманмараш деген жерде болып жатыр. Оның әсері бізге қатты сезіліп жатыр. Құдайға шүкір, қазір балалармен жылы жерде отырмыз», - деген жазба жариялады Facebook парақшасында.
Оның мәлімдеуінше, бүгінде көппәтерлі үйдің астыңғы қабатында тұратындар үйлеріне қайтып жатыр.
«Біз жоғары қабатта тұратындықтан тәуекелге бармай отырмыз. Кеше болған жер сілкінісін жеткізе алмаймын, үрей әлі басылған жоқ. Үй теңселген кезде екі баламды қолыма ұстап тұрдым, қирандының астында қалатын шығармыз деген қауіп болды. Қарасам көршілер сыртқа шығып жатыр екен, мен де балаларымды алып далаға жүгірдім», - дейді ол.
Жерлесіміз бала-шағасымен 2 сағат бойы далада жүрген.
«Араға уақыт салып тағы жер сілкінді. Балаларымды киіндіріп те үлгермеген едім, зілзала аздап басылғаннан кейін үйге кіріп, киім-кешек алып шықтым. Содан соң пана іздеп мешітке одан кейін спорт залға бардық. Қазір бір мейрамханада отырмыз. Ана жақта тамақ беріп жатыр. Бұл жерде жылы әрі ыңғайлы. Әзірге осында боламыз, себебі үйге баруға қорқамыз. Мұнда қанша болатынымыз белгісіз», - дейді отандасымыз.
Фото: Sertac Kayar / Reuters