Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркиядағы 5G абоненттерінің саны 44,5 миллионға жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Түркияда 5G желісін пайдаланушылар саны төрт ай ішінде ел халқының жартысынан асты. Бұл туралы агенттіктің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.

5G, интернет
Фото: Anadolu ajansı

Түркияда 5G желісіне қосылған абоненттер саны төрт айдың ішінде 44,5 миллионға жетті. Бұл туралы елдің көлік және инфрақұрылым министрі Абдұлқадыр Уралоглу мәлімдеді.

Оның айтуынша, Түркияда мобильді 5G желісін коммерциялық мақсатта пайдалану 1 сәуірде басталған. Жаңа технологияға алғашқы күннің өзінде шамамен 21 миллион қолданушы қосылған. Қазіргі уақытта олардың саны екі еседен астам өсті.

Министрдің мәліметінше, бүгінде ел халқының жартысынан астамы 5G қызметін пайдаланады, яғни іс жүзінде әрбір екінші тұрғын жаңа буын желісінің абоненті болып отыр.

Уралоглу 5G технологиясының дамуы Түркияның цифрлық трансформациясындағы маңызды кезең болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технология автономды көлікті енгізуге, «ақылды қалаларды» дамытуға, өнеркәсіп кәсіпорындарын автоматтандыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларындағы жүйелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Түркияда 1 сәуірден бастап 5G желісі коммерциялық пайдалануға берілетінін хабарлаған едік.

Сондай-ақ Ыстанбұлда 5G желілі алғашқы «ақылды жол» іске қосылғанын жазғанбыз.