Түркиядағы АЭС құрылысшылары жалақының төленбеуіне байланысты ереуілге шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Мерсин провинциясында салынып жатқан «Аккую» атом электр станциясының құрылысшылары сәрсенбі күні үш ай бойы жалақы төленбеуі мен еңбек жағдайының нашарлығына наразылық білдіріп, ереуіл жариялады, деп хабарлайды Тurkrus.
Құрылысшылар кәсіподағы жұмысшыларды қолдап, еңбек жағдайларын жақсартуға шақырды.
АЭС-ті Ресейдің мемлекеттік энергетикалық компаниясы «Росатом» салып жатыр. Корпорация жұмысшыларға жалақы кешіктірілгенін растады және мұны санкциялармен байланыстырды.
— Қазіргі уақытта жобаның үздіксіз қаржыландырылуын қамтамасыз ету мақсатында туындаған мәселелерді шешу жолдары қарастырылып жатыр. Бұған үшінші тараптардың ықпалымен елеулі қаржы көлемінің бұғатталуы да себеп болды. Біз түрік тарапымен бірлесіп, мүмкін болатын шешімдер іздеп, жағдайды конструктивті арнаға қайтару үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз, — деп мәлімдеді компания.
«Аккую» — Түркияда салынып жатқан алғашқы атом электр станциясы. Ол Жерорта теңізінің жағалауында, «құрылыстан пайдалану кезеңіне дейін» (BOO — Build-Own-Operate) үлгісімен «Росатом» тарапынан жүзеге асырылуда. Төрт реактордан тұратын бұл АЭС Түркияның электр энергиясына деген қажеттілігінің 10 пайызын қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Бұған дейін Түркияда қаржылық қиындықтар «Аккую» АЭС-нің жаңа блоктарын салу қарқынын бәсеңдеткені туралы жазған едік.