Түркиядағы дәстүрлі турнирде палуандарымыз грек-рим күресінен 2 алтын алды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Анталья қаласында күрес түрлерінен Олимпиада чемпиондары Яшар Догу, Вехби Эмре мен Хамит Капланды еске алуға арналған дәстүрлі жарыста жерлесіміз Бағдат Сабаз (-67 кг) грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.

Күрес, алтын медаль, грек-рим күресі
Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Жарысты бастаған грек-рим күресінен Ұлттық құрама спортшылары осылайша 4 медаль олжалады.

Атап айтқанда, Юсуф Ашрапов (-72 кг) пен Бағдат Сабаз (-67 кг) финалда жарыс қожайынын айқын басымдықпен жеңіп, алтыннан алқа тақты. 

Ал Еркебұлан Ардақов (-63 кг) және Рахат Бержанов (-97 кг) өз салмағында үшінші сатыға тұрақтады.

Нәтижесінде Қонысбек Төкенов баптайтын Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 104 ұпаймен 3-орынға тұрақтады.

Биыл турнирге әйелдер күресінен отандастарымыз бармады. Алдағы күндері бозкілемге еркін күрес шеберлері шығады.

Еске сала кетсек, осы халықаралық турнирде Юсуф Ашраповтың грек-рим күресінен топ жарып, қоржынымызға алтын медаль салғанын сүйншілегенбіз.

Соңғы жаңалықтар