Түркиядағы Grand Kartal қонақүйіндегі өрттің негізгі себебі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы жылдың 21 қаңтарында Түркияның Карталкая тау шаңғысы курортында орналасқан Grand Kartal қонақүйінде үлкен өрт шыққан еді. Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлағандай, көптеген адамның қаза табуына персоналдың әрекеттері себеп болды — олар өз қателіктерімен өрттің таралуына жол берген.

Түркиядағы Grand Kartal қонақүйіндегі өрттің негізгі себебі анықталды
Фото: gazetekadikoy.com.tr

Белгілі болғандай, өрттің кесірінен 78 адам қаза тапты, олардың кемінде 20-сы – балалар. Сонымен қатар, 51 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Өрт түннің бір уағында, қонақүйдің мейрамханасы орналасқан қабаттардың бірінде басталған. Алайда өрт дабылы жүйесі жұмыс істемей, қонақтар дер кезінде қауіп жайлы ескертілмеген.

Тергеу нәтижесінде өрттің мейрамханадағы құрылғының ұзақ уақыт қызып кетуінен басталып, оның үстінде болған майдың кенеттен тұтануы себеп болғаны анықталды.

Сонымен қатар, уәкілетті органның соңғы сараптамалық есебі алғашқы өрт туралы ақпарат қонақүй әкімшілігіне дереу жеткенін көрсетті. Алайда, адамдарды эвакуациялаудың орнына қызметкерлер жерасты тұрақтағы көліктерді құтқаруға тырысқан. Өрт басталған алғашқы 12 шешуші минут ішінде қонақтардың ешбірі оятылмаған.

Қызметкерлер тұрақ қақпаларын қолмен ашқан, бұл оттегінің ішке көптеп енуіне және өрттің қатты күшеюіне әкеліп соққан. Жарылыс желдеткіш шахталар арқылы тез таралып, жағдайды одан әрі ушықтырған.

Тергеу барысында эвакуациялық шығу жолдарының жабық болғаны және дабыл жүйесінің сөндірілгені анықталды. Осы деректер негізінде 31 адам, соның ішінде қонақүй иесі, директоры және жергілікті шенеуніктер ұсталды. Қазіргі уақытта 22 адам қамауда отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін қонақүйдегі өртте бір отбасынан 14 адам қаза тауып, Ердоған көңіл айтқанын жазған болатынбыз.

Бұған дейін біз өртенген қонақүйдің иесі болған жағдайға персоналды кінәлағаны туралы хабарлаған едік.

Жақында Түркияның Бурса провинциясындағы Улудал аймағында тағы бір қонақүйде өрт болып, екі адамның өліміне себеп болды.

Соңғы жаңалықтар