Түркиядағы орман өрті: 17 адам қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM - 15 күн ішінде Түркияның әртүрлі аймақтарында орман өртіне қатысы бар 17 адам қамауға алынды. Бұл туралы Түркияның Әділет министрі Йылмаз Тунч мәлімдеді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Министр отандастарын елдің орман алқаптарын қорғауға шақырды және оны «Жасыл Отан» деп атады. Сонымен қатар Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз климаттың өзгеру салдарымен күрестің тиімділігін арттыру міндетін көздейтін тәуекелдерді басқару орталығын құру туралы жариялады.
Түрік билігінің мәліметінше, өрт сөндірушілер мен еріктілер 25 шілдеде 73 орман өртімен күрескен, олардың басым көпшілігі адамның кінәсінен болған.
Хабарланғандай, Түркияда жұма күні 25 шілдеде жаңа температура рекорды тіркелді.
Эскишехир провинциясында дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан 10 адамның мәйіті ДНҚ сараптамасы үшін Анкараға әкелінген.
Шілде айының басында Түркияның орман алқаптары мен ауылшаруашылық аймақтарында 260-тан астам өрт болды.
Өрт елдің батысындағы бірқатар провинцияда, атап айтқанда Измирде тіркелді. Аумақты түтін басып, өрт сөндіру авиациясының жұмысы кезінде халықаралық әуежай уақытша жабылды.
Оңтүстік Мерсин және Хатай провинцияларының ормандарында, сондай-ақ Анталья мен Мугла курорттық провинцияларында өрт тіркелді.
Айта кетейік, Түркияда бұрын-соңды болмаған аптап: термометр бағаны 50 градустан асты.