Түркиядағы орман өрті ауыздықталар емес: бір адамның жағдайы ауыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ауа температурасының көтерілуіне байланысты Түркияның бірнеше аймағындағы орман өрті әлі де өшірілген жоқ. Соңғы бес күн ішінде ел бойынша 342 орман өрті тіркелген, оның 6-ауы әлі сөндірілмеген, деп жазды AZƏRTAC.

Түркиядағы орман өрті ауыздықталар емес: бір адамның жағдайы ауыр
Фото: AZƏRTAC

Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклы осы мәселеге байланысты мәлімдеме жасады.

Министрдің айтуынша, елдің әртүрлі аймақтарында тұтанған өртпен күресу үшін әуеден де, жерден де сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта өрт Маниса, Измир және Хатай аймақтарында әлі де ауыздықталмай отыр. 

Юмаклы атап өткендей, Измирдегі Сеферихисар және Мендерес аудандарындағы жағдай кешегімен салыстырғанда біршама жақсарған. Измир мен Манисада түн ішінде жүргізілген қарқынды шаралардың нәтижесінде өрттің салдары азайтылған. Ал Хатайдың Антакья ауданында қатты жел өртті сөндіруге кедергі келтіріп жатыр. Адана қаласында жағдай бақылауға алынған.

Сондай-ақ, Түркияның денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлу мәлімдегендей, елдің әртүрлі өңірлеріндегі орман өрттерінен зардап шеккен 46 азамат ауруханаларда ем қабылдап жатыр, олардың бірінің жағдайы ауыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түрік прокуратурасы 7 провинцияда (Аydın, Muğla, İzmir және т.б.) өрттерді зерттеу қорытындысына сай 22 күдіктіге қатысты тергеу жүргізіп жатқанын жазған едік. Олардың 9-ы қамауға алынып, 5 адам сот алдында бақылауда, 7 адам уақытша қамақта отыр, тағы бір тұлға жауап алынып босатылған.

Соңғы жаңалықтар