Түркиядағы орман өрті: екі адам қаза тапты
АСТАНА.KAZINFORM — Климаттық дағдарыс пен радикалды мәлімдемелер тұсында Түркия өртке оранды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Батыс Түркия соңғы жылдардағы ең ауыр табиғи апаттардың бірін бастан кешіріп жатыр: орман өрттері бір аптадан астам уақыт бойы Измир, Анталия провинциялары мен Ыстанбұлдың шетін шарпыды. Табиғат апаты қазірдің өзінде екі адамның өмірін қиып, 50 мыңға жуық тұрғынды эвакуациялауға мәжбүр етіп, 200-ге жуық тұрғын үйді қиратты.
Әсіресе Сеферихисар, Чешме және Одемиш аудандарында (Измир провинциясы) жағдай өте ауыр. Өрттің таралу қаупіне байланысты билік танымал туристік аймақтарға, оның ішінде Чешме курортына апаратын жолдарды жабуға мәжбүр болды. Өрт сөндіру қызметі авиацияның қолдауымен тәулік бойы өртпен күресіп жатыр, бірақ аптап ыстық пен жел сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр.
Сейсенбі, 1 шілде күні өрттің екінші құрбаны белгілі болды: экскаваторшы Ибрагим Демир өртті сөндіру кезінде қаза тапты. Осыған дейін осы өңірде 81 жастағы төсек тартып жатқан қария өртеніп жатқан үйден шыға алмай, көз жұмды.
3 шілдеде Анталияның курорттық провинциясында және Ыстанбұл шетіндегі орманды аймақтарда жаңа өрттер тіркелді. Бірнеше өрт ошақтары жойылғанына қарамастан, өрт қаупі әлі де жоғары.
Табиғи апат тұсында «Түркияның алты қаласында ондаған өрт қоюды» өз мойнына алған «От балалары» радикалды тобының мәлімдемесі үрей туғызады. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл ұйымның Түркияда тыйым салынған, сонымен қатар террористік ұйым деп саналатын Күрдістан жұмысшы партиясымен (PKK) байланысы бар. Әлеуметтік желілерде таратқан мәлімдемеде радикалдар өз әрекеттерін «туристік аймақтардағы диверсия» деп атап, әрі қарай шабуылдарға шақырады.
Айта кетейік, ПКК-ның өзі осы жылдың мамыр айында 40 жылға созылған қарулы көтерілісін тоқтатып, өзін таратып жатқанын ресми түрде жариялаған болатын. Партия «От балаларының» мәлімдемесіне жауап бермеді.
Мамандар Түркиядағы орман өрттерінің климаттың өзгеруіне байланысты жойқын сипатқа ие болғанын баса айтады. Түркия мен Грекия кіретін Шығыс Жерорта теңізі аймағын климатологтар қазірдің өзінде қауіпті аймақ деп таныды. Температураның жоғарылауы, құрғақшылық және ауа райының өзгеруі жыл сайынғы жазғы өрттерді ұлттық ауқымдағы апатқа айналдыруда.
Жағдай өрттерді сөндіру бойынша шұғыл шараларды ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді климаттық стратегияны, сондай-ақ туристік және жағалау аймақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді. Қасақана өрт қойды деген айыптар аясында билік қауіпсіздік шараларын күшейтіп, өрттің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.
Түркия өртпен күресіп, климаттың өзгеруі туралы заң қабылдап жатқанда, Грекия, Италия, Испания және Францияның оңтүстігінде қиын жағдай байқалады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркияның Чешме курортында орман өрті тұтанғанын жазған едік.