Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1014 адамға жетті

АНКАРА.ҚазАқпарат - Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында болған жер сілкінісі құрбандарының саны 1000-нан асты, кемінде жеті мың адам жараланды. Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасы (AFAD) мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1014 адамға жетті

AFAD келтірген мәлімет бойынша, Түркияның оңтүстік-шығысында бір тәулікте жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04.17-де – 7,7 балл және 13.24-те – 7,6 балл). Түркияның он провинциясында соңғы мәліметтер бойынша 1014 адам қаза тауып, 7003 адам зардап шекті.

Басқарманың мәліметінше, Кахраманмараш, Килис, Диярбакыр, Адана, Османие, Газиантеп, Шанлыурфа, Адияман, Малатия және Хатай провинцияларында 2824 ғимарат қираған.

Жер сілкінісінің қайталануынан қауіптенген Түркия билігі тұрғындарды үйлеріне қайтпауға шақырды.


Фото: aa.com.tr