Түркиядан оқудан келіп, әскерилер күштеп әкеткен студент босатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда оқып жүрген студентті Қазақстан аумағында әскерилердің көшеден алып кетуі жағдайы бойынша мәселе шешілді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов мәлім етті.

Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер: «Ол бала өзге мемлекетте білім алып жатыр. Енді, әскерге кете ме?», - деп сұрады.
Өз кезегінде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары бұл мәселе шешілгенін айтты.
- Мұндай факт тіркелген. Түркиядан Қазақстанға демалысқа келген студентті әскери комиссариатқа алып келген… Бұл мәселе шешілді, яғни оны комиссариаттан босатты. Қазір ол өз шаруаларымен айналысып жүр, - деді Сұлтан Қамалетдинов.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде Түркияда оқып жүрген қазақстандық студентті әскерилердің көшеден алып кеткені туралы хабарланған еді.
Бұған дейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов жастарды әскерге күштеп әкету іс-қимылдарына пікір айтты.