Түркияның 100 студенті Аризона дипломын Қазақстанда алады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бүгін Қозыбаев университеті өзінің халықаралық мәртебесін нығайту жолында Eurostar Overseas Education Consultancy (Түркия) компаниясымен келісімге қол қойды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.

Eurostar Overseas Education Consultancy — 20 жылдан астам тәжірибесі мен бүкіл әлем бойынша кең серіктестік желісі бар халықаралық білім беру саласындағы жетекші сарапшы. Компания студенттерге ең жақсы университеттерді таңдауға көмектеседі, академиялық мәселелер бойынша кеңес береді және шетелдік білім беру бағдарламаларын ұйымдастырады.

— Келісім аясында жыл сайын Петропавлға Түркия мектептерінен 100 түлек келеді. Олар оқуын Foundation факультетінде бастайды: бір жыл қарқынды ағылшын тілін оқып, Аризона университетінің қос дипломдық бағдарламаларына түсуге дайындалады, — делінген хабарламада.

Биыл Аризона университетімен жүзеге асырылатын бағдарламаларға 350-ден астам студент түсті, оның 153-і қос дипломды таңдады. Қозыбаев университетіне қазірдің өзінде Қытайдан, АҚШ-тан, енді Түркиядан студенттер келіп жатыр, бұл — университеттің жаһандық білім беру кеңістігінің бір бөлігі болғандығының айқын дәлелі.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді.