Түркияның Африкаға экспорты ұлғайып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның өзара ынтымақтастыққа бағытталған стратегиясына сәйкес, Африка елдеріне экспорты сенімді түрде өсіп келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Экспорт Турции в Африку набирает обороты: стратегия «win‑win» приносит плоды
Фото: stratejikortak.com

Түрік экспортшылары ассамблеясының мәліметтері бойынша, биылғы жылдың қаңтар-мамыр аралығында Африка нарығына жеткізілімдер $8,4 млрд-ты құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8,3% көп.

Бұл өсім өткен жылғы жетістіктің жалғасы болды. Ол кезде Түркияның Африкаға жалпы экспорты 1,7 %-ға артып, 19,4 миллиард долларға жеткен еді. Сауда айналымының едәуір бөлігі Марокко, Мысыр және Ливия елдерінің үлесінде.

2025 жылы Марокко Түркияның Африкадағы негізгі сауда серіктестерінің қатарына кіріп, экспорт көлемі 1,5 миллиард долларды құрады. Одан кейінгі орында Мысыр (1,3 миллиард) және Ливия (1,1 миллиард) тұр.

Саудадан бөлек, Түркия құрлықтағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға да белсенді қатысып келеді. Мәселен, түрік мердігерлері Мароккода 4,3 миллиард доллар көлемінде құрылыс жобаларын жүзеге асырды. Сондай-ақ қорғаныс өнімдерін экспорттауға да айрықша көңіл бөліп отыр. Ірі түрік қорғаныс компаниялары — Baykar, Aselsan, Tusaş және Nurol аймақтағы белсенділігін күшейтіп, дрондар, броньды техника және өзге де жоғары технологиялық жүйелерді жеткізіп жатыр.

Осыған дейін Түркия жариялаған «win-win» стратегиясына тек экономикалық ынтымақтастық қана емес, саяси және мәдениет байланыстарды нығайту, ауыл шаруашылығын, денсаулық сақтау мен білім беруді қолдауға бағытталған өзара алмасу бағдарламалары кіреді.

Экспорттың өсуі мен жобалардың кеңеюі Түркияның Африка елдері үшін жай ғана сауда серіктесі емес, стратегиялық одақтас болуға ұмтылып отырғанын дәлелдейді. Осылайша, берік әрі өзара тиімді ынтымақтастық алаңы қалыптасып келеді.

Осыған дейін Түркияның энергетикалық қуаттардың өсімі бойынша Еуропада көшбасшы атанғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар