Түркияның Чешме курортында орман өрті тұтанды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Эгей теңізі жағалауында, Измир қаласына қарасты танымал Чешме курортында ірі орман өрті басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркияның Чешме курортында орман өрті тұтанды
Фото: Anadolu ajansı

Өрт таулы және ойлы жерлерде тез таралып, тұрғын үйлер мен туристік нысандарға жақындаған.

Жергілікті биліктің мәліметінше, жалын орман алқабының едәуір бөлігін шарпыған. Қатты жел өрттің әрі қарай таралуына ықпал етіп отыр. Қауіп аймағында орналасқан үш елді мекеннің тұрғындары эвакуацияланды.

Түркияның өрт сөндіру және құтқару қызметтері өртпен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Ондаған өрт сөндіру көліктері, арнайы техника мен тікұшақтар, амфибиялық ұшақтар жұмылдырылған. Сонымен қатар, жандармерия қызметкерлері мен еріктілер де көмекке тартылған.

Куәгерлердің айтуынша, түтіннің қою бағандары ондаған шақырымнан көрінеді, ал ауада күйік иісі қатты сезіледі. Аймақтағы туристерге қауіп туралы ескерту жасалды, кейбір қонақ үйлер жолаушыларды ішінара эвакуациялай бастады.

Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. Билік өкілдері табиғи да, адами факторларды да қарастырып жатыр. Қазіргі уақытта арнайы тергеу топтары оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Түркияның Орман және ауыл шаруашылығы министрлігі аймақ тұрғындары мен қонақтарына сақ болуды, өрт ошақтарына жақындамауды және ресми ақпарат көздерін мұқият бақылап отыруды ескертті.

Жағдай әлі де күрделі. Билік өртті елді мекендер мен туристік нысандарға таралмау үшін бар күшін салып жатыр.

Қазіргі уақытта «Измир–Чешме» автожолының Чешмеге баратын бағыты – Зейтинлер төлем пункті маңында, ал Измирге баратын бағыты – Алачаты төлем пункті маңында жабылған.

Сондай-ақ, Чешменің ескі жолында да көлік қозғалысына шектеу қойылды: Чешмеден Урла бағытына – Кутлу Акташ су қоймасы маңында, ал Урладан Чешмеге – Зейтинлер айрығы маңында көлік жүрісіне тыйым салынған.

Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликаяның айтуынша, Измирде орман өрті салдарынан 110 тұрғын үй мен 2 коммерциялық нысан қатты зақымданған. Биледжикте – 69 тұрғын үй, 3 коммерциялық нысан, ал Маниседе – 5 тұрғын үй зардап шеккен.

– Өрт салдарынан тұрғын үй, көшу және мүлік шығындарын өтеу үшін аталған өңірлерге жалпы сомасы 21 603 400 түрік лирасы (шамамен 550 мың АҚШ доллары) бөлінді, – деді министр.

Бұған дейін Түркияның бірнеше өңірінде орман өрттері сөндірілгені хабарланған болатын. Алайда ауа температурасының жоғары болуына байланысты өрт қаупі әлі де сақталып отыр.

Соңғы жаңалықтар