Түркияның оңтүстік-шығысында 5,4 балдық жер сілкінісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның оңтүстік-шығысындағы Шанлыурфа провинциясының Каракёпрю ауданында 5,4 балдық жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркияның Төтенше жағдайлар және апаттар басқармасының (AFAD) мәліметінше, жер сілкінісі 7,39 шақырым тереңдікте болған. Жерасты дүмпуі Диярбакыр, Мардин, Сиирт, Шырнак, Батман, Газиантеп, Адыяман және Малатья провинцияларында да сезілген.
Жер сілкінісінен кейін тұрғындар үйлерінен шығып, көшелерге, саябақтар мен басқа да ашық алаңдарға жиналды. Шанлыурфа провинциясының губернаторы Хасан Шилдактың айтуынша, дүрбелеңнен шошып қалған 40-қа жуық адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Оның сөзінше, әзірге қираған ғимараттар анықталған жоқ. Мамандар ғимараттарды, соның ішінде мектептер мен мешіттерді тексеріп жатыр. Шанлыурфадағы жер сілкінісіне байланысты барлық білім беру мекемелерінде, сондай-ақ балабақшалар мен күндізгі күтім орталықтарында сабақ тоқтатылды.
Түркияның Төтенше жағдайлар және апаттар басқармасы жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы мәлімет тіркелмегенін хабарлады. Аймақтағы жағдайды бағалау жалғасып жатыр.
Бұған дейін Түркияның оңтүстігіндегі Адана провинциясында 5 балдық жер сілкінісі тіркелгенін хабарлаған едік. Дүмпу көршілес төрт өңірде де сезілген.