Түркияның оңтүстік-шығысында жаппай тәртіпсіздік орнады

Түркия
Фото: sözcü.com.tr

ВАН. KAZINFORM – Түркияның Ван қаласында оппозициялық кандидаттың сайлаудағы жеңісінің жойылуы салдарынан наразылық шеруі басталды. Бұл елдің оңтүстік-шығысындағы бірқатар провинциядағы жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

Елдің Әділет министрлігі күрдтерді қолдайтын «Теңдік және демократия партиясынан» (DЕМ) мэрияға кандидат Абдуллах Зейданды сайлау және сайлану құқығынан айырып, муниципалитет басшысы лауазымын алу мүмкіндігін биліктегі «Әділет және даму партиясынан» кандидат Абдулхат Арвасқа берді.

Осыдан кейін А.Зейданның жақтастары оны қолдау үшін митингіге шықты. Ван провинциясында наразылық шерулері басталып, бірнеше сағаттың ішінде тәртіпсіздікке ұласты. 

Түркия
Фото: sözcü.com.tr

Кейіннен елдің оңтүстік-шығысындағы Хаккари, Диярбакыр, Батман, Адана және басқа да провинцияларының тұрғындары да Түркия Әділет министрлігінің шешіміне наразылық білдіре бастады.

Ван провинциясы мэріне кандидат А.Зейдан 31 наурызда өткен сайлауда 50,48% дауыспен жеңіске жетсе, оның биліктегі партиядан қарсыласы А.Арвас электораттың 27,15% қолдауына ие болды.

А.Зейданның жеңісінің жойылуына күрд саясаткерінің бұрын сотталғаны негіз болды. Сонау 2016 жылы ол террорлық ұйымдарға көмектесті деген айыппен ұсталып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. 2022 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. 

Түркия
Фото: sözcü.com.tr

DEM партиясының жақтастары ұйымдастырған қала көшелеріндегі жаппай тәртіпсіздіктер әлі де жалғасып жатыр. Азаматтар мен полиция арасында қақтығыс болып жатыр. ІІМ арнайы жасақтары шерушілерді тарату үшін су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданып жатыр. Оңтүстік-шығыс провинцияларының көшелерінде пулемет атысының даусы естіледі. 

Түркия
Фото: sözcü.com.tr

Жағдайдың шиеленісуіне байланысты, белсенді шаралар аясында ел билігі наразылық акцияларына қатысуы мүмкін адамдардың Ван провинциясына кіріп-шығуына тосқауыл қойды.

Тәртіпсіздік салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

31 наурызда Түркияда республика азаматтары қала мэрлері мен муниципалитет басшыларын сайлады.

Соңғы жаңалықтар