Түркияның Сирияға ұн экспорты 110%-ға ұлғайды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Сирияға ұн жеткізу көлемі 650 мың тоннаға жетті. Бұл ретте құрғақшылық, көктемгі үсік және бидай импортын реттеудегі өзгерістер салдарынан елдің жалпы ұн экспорты қысқарған.
2025 жылы Түркияның Сирияға ұн экспорты өткен жылмен салыстырғанда 110%-ға өсіп, 650 мың тоннаны құрады. Бұл жөнінде Халықаралық диірменшілер және астық трейдерлері қауымдастығының (IAOM) Еуразиялық бөлімшесінің төрағасы Эрен Гюнхан Улусой мәлімдеді.
Оның айтуынша, жылдық өндірістік қуаты 32 млн тоннаны құрайтын түрік кәсіпорындары іс жүзінде шамамен 15 млн тонна ұн өндіреді. Түркия әлемдік нарықтың 23%-ын иеленіп отыр және соңғы он жыл қатарынан әлемдегі ең ірі ұн экспорттаушы ел мәртебесін сақтап келеді.
Сонымен қатар, 2025 жылы Түркияның жалпы ұн экспорты азайған. Бұған дейін экспорт көлемі 3 млн тоннадан асса, кейінгі кезеңде 2,4 млн тоннаға дейін төмендеген. Бұған ауыл шаруашылығындағы үсік, құрғақшылық және бидай импортын реттеудегі өзгерістер себеп болған.
Экспортқа қосымша қысым Түркия үшін ең ірі нарықтардың бірі – Иракқа жеткізілімнің күрт азаюынан туындады. Осы жағдайда Сирияға экспорттың айтарлықтай өсуі түрік ұнының сыртқы жеткізілімдерін қайта бөлуге әсер еткен негізгі факторлардың біріне айналды.
Бұған дейін 2024 жылдың қазан айында Түркия бидай импортына қойылған шектеулерді жеңілдеткені хабарланған болатын. Бұл қадам күрделі экономикалық және азық-түлік жағдайында маңызды шешім ретінде бағаланды.
Ел үкіметі түрік диірмен компанияларына шетелден астық импорттауға рұқсат берді. Алайда негізгі шарт бар: сатып алынатын бидайдың кемінде 85%-ы Түркияның мемлекеттік азық-түлік сатып алу агенттігінен алынуы тиіс.