Түркияның жетекші мамандары жамбылдық медицина қызметкерлерін тегін оқытады
Аймақ басшысы Түркия мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас бұрыннан қалыптасқанын атап өтті. Башкент университетінің клиникасы әлемнің жетекші білім беру және медициналық мекемелерінің бірі болып табылады, көптеген елдердің, оның ішінде Қазақстанның денсаулық сақтауына саласына үнемі тәжірибелік көмек көрсетіп келеді.
«Біз Башкент университеті клиникасының үздік мамандары Қазақстанның әр аймақтарында шеберлік сабақтарын өткізіп, семинарларға, конференцияларға қатысып, халыққа консультациялық көмек беретінін білеміз. Сонымен қатар, қазақстандық медицина қызметкерлері сіздердің клиникаңыздың шақыруымен бірнеше рет Анкара қаласында біліктілігін арттырудан өтті. Әлемде медициналық көмектің ілгері дамып, жетіліп жатқандығын, диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын енгізуді ескере отырып, Жамбыл облысының медицина қызметкерлері де медициналық қызметтің әртүрлі аспектілері бойынша оқытудан және қайта даярлықтан өтуді қажет етеді. Атап айтқанда, кардиология, неврология, гастроэнтерология, пульмонология, нефрология, интервенциялық кардиология, нейрохирургия, тамыр хирургиясы, эндовидеохирургия сияқты бағыттарды дамыту керек. Біздің анестезиологтар, реаниматологтар, неонатологтар, акушерлік және балалар мамандары да өз біліктіліктерін арттыруы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.
Өз кезегінде Мехмет Хаберал осы бағытта Жамбыл облысымен ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді.
«Біз сіздердің медициналық қызметкерлеріңізді қабылдап, оларды тегін оқытуға дайынбыз. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар негізінде мастер-кластар, семинарлар, конференциялар және басқа да оқу іс-шараларын өткізу үшін біздің мамандар сіздердің өңірге арнайы жіберілетін болады», - деді профессор Мехмет Хаберал.
- Биыл әлемнің барлық елдері коронавирустың жаңа түрінің таралуына байланысты жаһандық қиындықтарды бастан кешуде. Барлық жүйелерді, әсіресе ең алдымен медициналық ұйымдардың қызметін жедел түрде қайта құруға тура келді. Пандемия медициналық ұйымдардың COVID-19 ауруының мұндай жаппай таралуына дайын еместігін байқатты, - деді аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев қазір эпидемиологиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын, коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны төмендегенін атап өтті. Алайда, пандемияның екінші толқынына дайын болу керек. Осыған орай, тәжірибені ескере отырып, облыста қосымша резервтік тесек қоры құрылып, бюджет және демеушілік қаражат есебінен құрал-жабдықтар, тест - жүйелері, дәрі-дәрмектер сатып алынуда.
«Бірақ, соған қарамастан, біз медициналық жабдықтармен, шығын материалдары, жеке қорғаныс құралдарымен қосымша жабдықтау қажеттілігін сезінеміз. Төтенше жағдай кезіндегі медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет болып табылады. Сондай - ақ, халықаралық стандарттар талаптарына сай келетін жаңа медициналық нысандар салу қажет», - деді Б.Сапарбаев.
Мехмет Хаберал университеттік клиника Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек жіберуге дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Онда бір реттік және қайта пайдалануға болатын қорғаныс костюмдері, респираторлар, маскалар, антисептиктер, дәрі-дәрмектер және медициналық жабдықтардың бар екендігі айтылды.
Онлайн кездесу соңында Бердібек Сапарбаев профессорға осындай маңызды қолдауы үшін алғысын білдіріп, Тараз қаласында Башкент университеті клиникасының филиалын салу мәселесін қарастыруды ұсынды. Клиниканың филиалдары Еуропаның көптеген елдерінде жұмыс істейтіні белгілі.