Түрікменстан президенті Бейбітшілік пен сенім жылының құрметіне 247 адамға рақымшылық жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылына орай 247 сотталғанға рақымшылық жасау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды TDH.

Елдің Министрлер кабинетінің отырысы барысында Түрікменстан президенті жанындағы Азаматтық және кешірім жасау мәселелері бойынша ұсыныстарды дайындау жөніндегі комиссияның төрағасы Бегенч Гундогдыев ведомство жұмысының қорытындысы туралы баяндады. Есепті тыңдаған мемлекет басшысы Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылына орай 247 азаматқа рақымшылық жасау туралы жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы комиссия төрағасына құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге сотталғандарды бас бостандығынан айыру орындарынан босату және жақын арада отбасыларына қайтару бойынша қажетті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Түрікменстан президенті рақымшылық жасалған азаматтарға Отанға адал қызмет етіп, адал еңбектің жемісін көріп өмір сүруді тіледі.
Еске сала кетейік, Түрікменстан президенті Қадір түні құрметіне 321 сотталушыға рақымшылық жасағаны жайлы жазған едік.