ТүркПА халықаралық байланыстар жөніндегі комиссиясының отырысы Қазақстанда өтеді

Қазақстан Парламентінде өтетін отырыс барысында «Түркітілдес елдер арасындағы байланыстарды дамытудағы Түркі кеңесінің, ТүркПА-ның және ТҮРКІСОЙ-дың орны мен рөлі» есебі және ұсынба шешімдер талқыланады.
Түрік парламентінің депутаты және ТүркПА-ның осы құрылымының төрағасы Улькер Гөзел басқарған комиссия жұмысына Қазақстан мен Әзірбайжан парламенттерінің депутаттары, сондай-ақ ассамблеяның халықаралық хатшылығының қызметкерлері қатысады.
Сонымен бірге оған Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Гисмет Гөзеловтың, Түркі академиясының директоры Шәріп Ыбыраевтың және Түркі әлемі муниципалитеттері бірлестігінің бас хатшысы Мұстафа Башқұрттың қатысып, сөз сөйлеулері жоспарланған. Отырыс барысында ТүркПА бас хатшысы Рамиль Гасанов баяндама жасайды және комиссияның 2011-2012 жылдардағы қызметі туралы әңгімелейді.
Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтановтың қатысып, сөз сөйлеуі күтілуде. Бұдан басқа комиссия отырысы барысында 2013 жылы Түркияда өтетін ассамблеяның жалпы 4-отырысына ұсыну мақсатында «Түркітілдес елдер арасындағы байланыстарды дамытудағы Түркі кеңесінің, ТүркПА-ның және ТҮРКІСОЙ-дың орны мен рөлі» есепті құжатына қатысты ұсынбалар, сондай-ақ комиссияның 3-отырысының өтетін орны, мерзімі және күн тәртібі қабылданбақ.
Өзінің сапары барысында ТүркПА бас хатшысы Р.Гасанов Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесу өткізеді.